Ақмола облысында су тасқынымен күрес жұмыстары күшейтілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының кейбір аудандарында су тасқынының қаупі сақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс подполковнигі Қанат Доспаев журналистермен брифинг өткізіп, облыс аумағындағы су тасқынының қаупі мен оның алдын алу жұмыстары жөнінде айтып берді.

Қанат Доспаевтың айтуынша, бүгінгі күні облыс аумағында су тасқыны жағдайы шиеленіскен. Елді-мекендерде тұрғын үй секторлары мен нысандарды ағын судан қорғау бойынша шаралар тәулік бойы үзіліссіз жүргізілуде.

«Облыстың Көкшетау, Степногорск қалалары мен Біржан сал, Ерейментау, Шортанды, Ақкөл, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл аудандарында жағдай тұрақтанды.

Целиноград, Астрахан, Зеренді, Аршалы аудандарында және Атбасар қаласында әзірге жағдай қиын. Мұнда 15 елді мекенді су алу қаупі сақталуда. Оның ішінде Нұра мен Есіл өзендеріндегі судың деңгейі көтерілуі салдарынан Талапкер, Ащыкөл, Ақмешіт, Максимовка, Нұра, Р.Қошқарбаев, Преображенка, Қабанбай батыр, Қызыл жар, Оразақ, Қараөткел, Тайтөбе, Қосшы, Отаутүскен, Бірлік ауылдарына қауіп бар», дейді Қанат Доспаев.

Департамент бастығының орынбасары атап өткендей, қазіргі кезде Целиноград ауданының аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұнда облыстық төтенше жағдай мен жергілікті атқарушы органдардың күші жұмылдырылып, 379,2 мыңнан астам су сорғытылды, 130 тонна инерттік материал мен құм салынған 1820 қап төселді. ​

«Сондай-ақ, Атбасар қаласындағы №1 индустриалды-техникалық колледж және коррекциялық мектептің аумағы құм төселген қаптармен қоршалуда. Қазіргі кезде құм салынған 840 қап төселді. Бұл жұмыстарға Ақмола облысының ТЖД жеке құрамынан 37 адам және 3 техника, жергілікті атқарушы органдарының 9 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылуда.

Бұдан бөлек, темір жол көпірі ауданында және Жабай өзенінің басқа да учаскелерінде кептелістерді болдырмау үшін мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 4 мұз кептелістері жойылды.

Жалпы, облыс бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына барлығы 204 адам, 45 арнайы техника 12 мотопомпа және 3 жүзу құралы жұмылдырылған», деп толықтырды Қанат Доспаев.

Соңғы жаңалықтар