Ақмола облысында су құбыры желілері қайта жаңартылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірде 2025 жылға дейін 111 ауылда сумен жабдықтау желісін, 60 ауылда аралас блок - модульдерді салу жоспарлануда.

Біржан сал ауданының Аңғал батыр ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Бүгінде елді мекеннің 168 үйі мен әлеуметтік нысандарына су құбыры желілері тартылды.

Ауылдық округ әкімі Әмина Жақыпованың айтуынша, жоба өткен жылдың мамыр-желтоқсан айларында жүзеге асырылған.

«Бүгінде біздің кентте оң өзгерістер болып жатыр. Сумен жабдықтау жүйесін қайта құру толығымен аяқталды және барлық үйлерге сапалы ауыз су құбыры тартылды. Су құбыры желісінің ұзындығы шамамен 15 шақырым, су құбыры - 1946 метр. Ауыл көшелерінде 119 қарау құдықтары орнатылды, екінші көтермелі сорғы станциясы салынды, жалпы сиымдылығы 300 текше метр таза суға арналған екі резервуар орнатылды», - деп атап өтті округ әкімі.

Жергілікті тұрғындар барлық жұмыстарды мерзімінде және сапалы орындаған мердігер ұйымға алғыс білдірді.

«Біз шалғай ауылда тұратынымызға қарамастан, қаладағыдай жағдай жасалып отыр. Осындай игі іске үлес қосқан азаматтар мен биліктегі басшыларға алғысымыз шексіз», - дейді ауыл тұрғыны Индира Жолдасова.

Айта кетейік, облыста 2020 жылдың қорытындысы бойынша 54 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін салу және жөндеу бойынша 62 жоба іске асырылды.

Облыс бойынша бір орталықтандырылған сумен 380, орталықтандырылмаған сумен 207 елді мекен қамтылған.


Соңғы жаңалықтар