Ақмола облысында сот төрағалары мен судьялары тағайындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола облыстық сотының судьясы, аудандық соттардың төрағасы мен судьялары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, Ақмола облыстық сотының жалпы кеңесінде облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Ақмола облыстық сотының судьясын, аудандық соттардың жаңа тағайындалған төрағасы мен судьяларын таныстырды.

«ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» 2018 жылғы 11 желтоқсандағы Жарлығымен Шортанды аудандық сотының төрағасы қызметіне Бейбіт Нұржан,  Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне Әскербек Жакулин, Астрахан аудандық сотының судьясы қызметіне Жангелді Ахметов, Бурабай аудандық сотының судьясы қызметіне Динара Аманжолова, Степногор қалалық сотының судьясы қызметіне Жанар Хамза, Целиноград аудандық сотының судьясы қызметіне Динара Мерзадинова тағайындалды», деді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, құрмет отставкасына кетуіне байланысты Ақмола облыстық сотының судьясы Бейсембай Сарсенов атқаратын қызметінен босатылды.

Досжан Әміров тағайындалған облыстық соттың судьясын, аудандық сот төрағасы және судьяларды құттықтап, жұмыстарына табыс тілеп, сот төрелігін сапалы іске асыруда заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға тапсырма берді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы тағайындалған төраға мен судьяларды аудандық соттардың ұжымдарына таныстырып, аудандық соттарда сот қызметінің мәселелері және ағымдағы жылдың 11 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша кеңес өткізді.

Соңғы жаңалықтар