Ақмола облысында «Шумахер» ісіне нүкте қойылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Неміс бизнесмені Роберт Шумахердің жалға алған жерінің мерзімі 10 жылға дейін қысқартылды, деп хабарлады Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Неміс бизнесмені Роберт Шумахерге қатысты істің соңғы нүктесі қойылды. Осыған дейін БАҚ-та Ақмола облысының Қорғалжын ауданында  27 мың гектар жер телімі Германия азаматының меншігінде екені туралы ақпарат тараған болатын.

Осыған орай талдау жүргізу барысында Қорғалжын ауданының әкімдігімен шетелдік азаматтарға жер телімін ұсыну кезінде жалға беру мерзімі шамадан тыс ұзартылу сияқты жер заңнамасының нормалары бұзылғаны анықталды.

Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдармен осыған дейін қабылданған құқықтық актіге өзгеріс енгізу туралы шаралар қолға алынды.

Жер заңнамасының нормасына сәйкес жерді жалға алу мерзімі 10 жылға дейін қысқартылды. Осылайша, жоғарыда көрсетілген жер заңнамасын бұзушылық толық жойылды.

Сондай-ақ, айнала ор қазылып қоршалған 6 гектар жер теліміне қатысты істің де соңғы нүктесі қойылды. Осыған жол берген ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші ҚР ӘҚбК 339 бабының 2 бөлімі 1 бөлімшесі бойынша «жер қатынастары саласы бойынша заңнама актісінде қарастырылған, жерді қорғау шараларын жүзеге асырмағаны үшін» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықты үш айдың ішінде жою туралы жазбаша ескерту жасалды.

Айта кету керек, «Ақ құлын» ЖШС 2009 жылдан бастап, аудандағы жаңа стандартағы технологияны қолданатын іргелі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші болып саналады.

Шаруашылық жұмыс істегеннен бастап, Қорғалжын ауданында әр саладағы өндірісті дамыту үшін 1 миллион теңгеден астам инвестиция салып,  18 адамды жұмыспен қамтыған.

Жыл сайын Қорғалжын ауданының бюджетіне аталған шаруашылықтан 14 миллион теңге көлемінде салық ретінде кіріс кіріп отыр.

Сонымен қатар, ЖШС аудан тұрғындарына қайтарымсыз әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Ақмола облыстық Әділет департаментінің соңғы мәліметі бойынша «Ақ құлын» ЖШС-нің құрылтайшысы Роберт Шумахердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын куәлігі бар.

Соңғы жаңалықтар