Ақмола облысында шетелдік автокөліктерді уақытша тіркеу тәртібі түсіндірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАпарат – Ақмола облысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен әкелінген автокөліктердің иелеріне көлік құралдарын уақытша тіркеу тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бір күннің ішінде Ресей, Армения. Беларусь және Қырғызстаннан әкелінген 30-ға жуық автокөліктің иесіне полиция қызметкерлері көлік құраларын тіркеуге қатысты ақыл-кеңес берді.

«Ақпанның 1-нен бастап, Көкшетау қалалық мамандандырылған ХҚО, әкімшілік полиция басқармасы мен Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері автокөлік иелеріне көлік құралдарын уақытша немесе тұрақты тіркеуге қою жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, облыс орталығыннан бөлек, Степногор, Ақкөл, Щучинск, Есіл, Атбасар және Державинск сияқты өңірдегі ірі қалаларда да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - дейді ведомстводан.

Полицейлердің мәліметінше, алдағы үш ай бойы облыс орталығындағы және аудандар мен қалалардағы мамандандырылған ХҚО демалыссыз жұмыс істейтін болады.

«Шетелдік автокөліктердің иелеріне көлік құралдарын тіркеу үшін жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік және транзиттік нөмір белгісі, тіркелгендігі туралы құжат, жеке меншіктігін растайтын құжат, бастапқы тіркеу төлемдерінің, мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатты әзірлеу үшін төленген салықтың түбіртегі қажет.

Уақытша тіркелгеннен кейін қазақстандықтар бір жыл ішінде қалдықтарды өңдеу жинағы және кедендік салық төлемдерін жасай алады. Көлік иелеріне 18 саны бар арнайы сары түсті мемлекеттік нөмір беріледі, техникалық құжатта тиісті белгі қойылады», - деп түсіндірді ведомстводан.

Айта кетейік, Ақмола облысының әкімшілік полиция басқармасында арнайы Call-орталық ашылды. Онда азаматтар ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерге қатысты 8-716-2-29-98-37 арқылы біле алады.

Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Владимир Букреевке 87771000102 нөмірі және аға мемлекеттік инспектор, полиция майоры Аслан Бұқановқа 87077811176 нөмірі арқылы хабарласуына болады.

ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар