Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қойылған белгі тастың маңында митинг өтті.

XX ғасырда халқымызға қасірет пен қайғы әкелген 1932 жылғы ашаршылыққа биыл 82, ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге 77 жыл толып отыр. Осы тарихи даталарға орай, 31 мамыр күні Көкшетау қаласында жергілікті ардагерлер мен зиялы қауым, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының, облыстық басқармалардың, саяси партиялар филиалдарының, этно-мәдени және жастар бірлестіктерінің жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысуымен қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары еске алынып, олардың рухына тағзым етілді.

Көпшілік алдында толғана сөз сөйлеген қала әкімі Жарқын Жұмағұлов пен танымал ел ағалары ашаршылықты басынан өткермеген кейбіреулер бұл зұлматты аңыз секілді қабылдағанымен, сұрапыл нәубет халқымыздың бастан кешкен шынайы тағдыры екенін айтып, лагерьлерде ұлтымыздың ар-намысты алға қойған арда азаматтары мыңдап құрбан болғанына тебірене тоқталды.

«Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ жоқ. Соның салдарынан ұлтымыздың тең жартысы қырғынға ұшырады. Мәліметтерге қарағанда, ашаршылық пен ауру-сырқаттан Қазақстанда, Беларусь, Ресей мен Украинада 7 миллионнан астам адам көз жұмған. Оның 1,5 миллионы - біздің отандастарымыз. Ал 600 мың қазақ отбасы ата-қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болды. Облысымызда 5 мың 400 адам кінәсіз сотталса, 1640 адамға ату жазасы кесілді», - дей келе саяси қуғын-сүргін жылдары қаза тапқан жерлестеріміз Әбілхайыр Досов, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Сабыр Шәріповтің есімдерін бір-бірлеп атап өтті.

Сонымен қатар, шара барысында зұлмат құрбандарын еске алуға бір минут үнсіздік жарияланып, белгі тасқа гүл шоқтары да қойылды.

Соңғы жаңалықтар