Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына тұрғызылған 7 ескерткіш бар

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына тұрғызылған 7 ескерткіш бар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы басшысының орынбасары Серік Ысқақов айтып берді.

Оның айтуынша, бұл ескерткіштердің тарихи мәні зор. Желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі жас ұрпаққа талайлы тағдырдан, халқымыздың қасірет шеккен зұлмат жылдарынан сыр шерту маңызды іс. Қазіргі таңда Ақмола облысында барлығы 1793 тарихи ескерткіш бар. Соның 7-еуі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жандарға арналған.

«7 ескерткіштің үшеуі Астрахан ауданында, Біржан сал, Егіндікөл, Сандықтау аудандарында бір-бірден, сондай-ақ тағы біреуі Көкшетау қаласынан Щучье қаласына шығар бетте автожол бойында орналасқан. Бұлардан бөлек, «Отанын сатқандардың» əйелдерінің Ақмола лагерінде мерзімін өтеген 62 ұлттың əйелдерінің рухына арналған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені бар. Бұл посткеңестік мемлекеттерде ғана емес, барлық əлемде жалғыз бірегей ескерткіш болып табылады. «АЛЖИР»-де бір мезгілде 8 мыңға жуық əйел отырған. Олардың ішінде көбі орыстар - 4390, еврейлер - 855, украиндар - 740 жəне 87 қазақ əйелдері болды. Сонымен қатар лагерьде неміс, француз, швед, жапон, норвеж, австриялық, поляк, грузин, армян, əзербайжан, латыш жəне тағы басқа ұлттың əйелдері жазасын өтеген», - дейді Серік Ысқақов.

Деректерге сүйенсек, «АЛЖИР»-де 600-ге жуық əйел қайтыс болған. Бірақ бұл сан әлі нақтылануда.

«Негізінен тұтқындалғандар одаққа танымал саяси жəне қоғам қайраткерлерінің əйелдері: Əзиза Рысқұлова жəне оның анасы Арифа Есенғұлова, Дəмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, əнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, атылып кеткен маршал Тухачевскийдің əулетінің əйелдері, жазушы Борис Пильняктың əйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың əйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның да аналары болды. Бүгінде «АЛЖИР» мемориалды-мұражайының қорында он бес мыңға жуық жəдігер сақталған», - деп сөзін түйіндеді ол.

Соңғы жаңалықтар