Ақмола облысында сақ жауынгері жерленген қорған табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында ерте темір дәуірі кезеңіндегі сақ жауынгері жерленген қорым, әшекей бұйымдар мен қару-жарақтар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің Мәдениет басқармасына сілтеме жасап.

«Облыстық Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары Бурабай ауданындағы Құмдыкөл (Златополье) ауылының аумағында «РегионДорСтрой» ЖШС-ға бөлінген жер учаскелеріне зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ерте темір дәуірі мен ортағасырлық кезеңдерге жататын «Құмдыкөл» (Златополье ауылы) және «Жаңажол» археологиялық ескерткіштерін тапты.

Сонымен қатар барлау жұмыстары барысында ауыл тұрғындары Жаңажол ауылы маңындағы орман ішінде орналасқан қорғанның орнын көрсетті. Қорғанды зерттеу барысында суырдың інінен көне жебенің ұштары табылды», - деді ведомстводан.

Мәдениет басқармасынан атап өткендей, осындай көне археологиялық қорғандар анықталған кезде Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының жарғысына сәйкес археологиялық қорғау-құтқару жұмыстары жүргізіледі. Себебі жер астындағы өзге де құнды жәдігерлер табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жойылып кетуі ықтимал. Сондықтан «Жаңажол» қорғанына археологиялық зерттеу жүргізілді.

«Зерттеу барысында қорғанның жерлеу шұңқырынан ерте темір дәуіріне қатысты – сақ жауынгері анықталды. Адаммен бірге жерленген бірнеше жәдігер табылды, олардың ішінде: жылқы малының ауыздығы мен жүгеннің әшекей бұйымдары (құстың басы мен күн құдайының белгісі бар дөңгелек жапсырмалар), қанжар-пышақ, тасқайрақ, 10 дана сақ-скифтік үлгідегі жебенің ұштары және қысқа акинак-қылыш табылды», - деп толықтырды басқармадан.

Табылған жәдігерлер зерттеліп болған соң Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларынан орын тауып, музей қорын толықтыратын болады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында Ботай мәдениетіне тиесілі бірегей артефактілер табылған еді.


Соңғы жаңалықтар