Ақмола облысында республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайың ауданында көптен күткен жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оған республикалық бюджеттен алғашқы транш - 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.  

Жарқайың ауданының аумағынан өтетін «Жезқазған-Петропавл» республикалық жолының жөнделмегеніне көп жылдар болған. Соңғы бірнеше жылда аудан әкімшілігі осы жол учаскесін жаңарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

«Шілде айының басында «Жезқазған-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолының 32-шақырымдық аумағын жаңарту жұмысы басталып кетті. Қазіргі таңда мердігер ұйым Тасты-Талды ауылында асфальт зауытын салып жатыр. Жаңадала ауылдық округінің территориясына барлық қажетті арнайы техника жеткізілді», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Жоба аясында 16 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Бірінші сатыда жол жөндеушілер Тасты-Талды ауылынан Қостанай облысы шекарасына дейінгі аумақты жөндеуден өткізеді. Екінші сатыда жұмыс Уәлихан ауылдық округімен шектесетін нүктеге дейін жалғасады.

Мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында толық аяқтайды деп жоспарланып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар