Ақмола облысында өткен жылы ауыл шаруашылығы бойынша 40 жоба іске асырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола өңірі Қазақстанның ең ірі агроөнеркәсіптік кешені және облыс елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 12,8 пайыз тұрақты өсім қамтамасыз етілді.

Бұл 10 жыл ішіндегі саладағы ең үздік көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Егіс науқаны кезіндегі қатаң карантинге, сондай-ақ, ауа-райының қолайсыз болуына қарамастан, өңір диқандары әр гектардан орташа 11,8 центнерден алғанда 5,2 миллион тонна астық жинады. Бұл республика бойынша жиналған астықтың төрттен бір бөлігін құрады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, астық өндірісінің жалпы көлеміне Аршалы ауданындағы «Каменка и Д», «Свободное» және «Белоярка 2019» серіктестіктері тәрізді бірқатар кәсіпорын елеулі үлес қосты.

Өткен жылдың 11 айында облыстың ауыл шаруашылығына салынған инвестициялардың көлемі 53 миллиард теңгеден асты. Бұл алдыңғы жылдың деңгейімен салыстырғанда 10,3 пайызға жоғары. Оның ішінде 34 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жеке қаражаты. Жаңа жобаларға инвестиция салу, өсу және даму жағынан алғанда шаруаларға екі есе тиімді болып отыр. Өйткені, мемлекет инвестициялық шығындарды ішінара өтейді. Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуі мен инвестициялық салымдарды субсидиялау үшін 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 40 жоба іске асырылды, олардың аясында бордақылау алаңдары мен асыл тұқымды мал фермалары, сүт-тауар фермалары, құс фабрикалары, астық және көкөніс қоймалары, қайта өңдеу кәсіпорындары, балық өсіру фермалары салынды, суару жүйесі енгізілді.

«Субсидиялау және несие беру тетіктерін жетілдіру есебінен мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасау үшін шаралар қабылданды. Отандық асыл тұқымды шаруашылықтардан он мыңға ірі қара сатып алу арқылы 97 ет және 18 сүт-тауар фермасы құрылды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда облыстағы 12,5 мың ірі қарасы бар 56 мамандандырылған кәсіпорын сүт өндірумен айналысып отыр. Ірі қара малды бір мезгілде ұстау үшін бордақылау алаңдарының қуаты 36,5 мың басқа жетті», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев.

Осы және басқа шаралар пандемия кезінде ішкі азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және қажеттіліктердің көп бөлігін жабуға мүмкіндік берді. 2020 жылы өңделген ет өндірісі 56,5 мың тоннаға, сүт өнімдері 94,9 мың тоннаға және ұн 309,7 мың тоннаға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жыл сайынғы өсуінің арқасында облыс Нұр-Cұлтан қаласын ұнмен, жұмыртқамен және картоппен, сондай-ақ, 1/3 ет және сүт өнімдерімен 100 пайызға қамтамасыз етіп отыр.


Соңғы жаңалықтар