Ақмола облысында өрт оқиғасы жиілеп отыр-ТЖД

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл, Бұланды, Зеренді аудандары және Көкшетау қаласында соңғы бір аптаның ішінде тұрғын үйде болған өрттен 7 адам ажал құшты деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақтық ТЖД дерегі бойынша өрттің орын алуына тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтындығы себеп болып отыр. Аталмыш кезеңде облыста 146 өрт оқиғасы тіркеліп, 13 адам көз жұмды және 1 адам зардап шекті.

Көп жағдайда адамдар ішімдік ішіп төсекте жатып темекі шегу, қолдан жасалған электр жылытқыштарды қолданудың соңы қайғыға әкеліп соқтыратынын білсе де, сақтық шараларына көңіл бөле бермейді.

Мәселен, 10 ақпан күні Ақкөл қаласында Карл Маркс көшесінің бойындағы тұрғын үйде өрт болды. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде 1958, 1971 және 1986 жылдары туған үш ер адамның мәйіті табылды. Кейін белгілі болғандай өрт марқұмдардың алкогольдік ішімдік ішіп алып, төсекте темекі шегуінен тұтанған.

13 ақпанда Макинск қаласындағы жекеменшік тұрғын үй өртеніп, 1933 жылғы Б.Ф. Обидин есімді қария көз жұмды. Бұл жолы мүгедек қариямен бірге қалдырып кеткен 4 жастағы бала сіріңкемен ойнаймын деп үйді өртеп жіберген.

15 ақпан күні Зеренді ауданының Ортақ ауылында жекеменшік үйден өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 10 адам және 2 арнайы техника, кезекші жедел тергеу тобының (КЖТТ) 4 қызметкері мен 1 техникасы тартылды. Оқиға орнынан 1956 жылғы Р.Б. Даниярова және 1982 жылғы Е.К.Данияровтың денесі табылды. Ал, Көкшетау қаласындағы «Көкше Строй металл» серіктестігінің құрылыс вагонында болған өрттен 1958 жылғы А.А. Смехнов көз жұмды. Соңғы екі жағдайда электр жылытқышын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмағаны анықталды.

«Осыған орай, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үй үйді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін түсіндіруде», деп түсіндірді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар