Ақмола облысында өрт қауіпі туындауы ықтимал аймақтарды дронмен бақылайды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өрт қаупі кезеңнің басталуына байланысты орманды дала алқаптарына әуеден дрон арқылы бақылау жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақмола облысында орманды дала алқаптарын бақылуда дрон пайдаланылуда. Осы арқылы орман мекемелерінің қызметкерлері ормандағы өртті бірден қашықтықтан анықтап, уақтылы шаралар қолдана алады. Сондай-ақ, орман алқаптарында дауыстық ескерту функциясы бар екі ұшақ бар. Бұдан басқа, өрт қаупі кезеңінде Степногор қаласының, Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Ақкөл, Бұланды және Біржан сал аудандарының орман алқаптарында «Қазавиаорманқорғау» АҚ-ның қызметкерлерінен тұратын үш топ әуеден бақылау жүргізеді», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері облыста үш орман өрті және жеті дала өрті тіркелді. Осының салдарынан 14 адам әкімшілік жауапқа тартылды, 4 адам ескерту алды және 10 адамға 306 300 теңге айыппұл салынды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде облыс аумағында 123 орман және 6 дала өрті тіркелді, сондай-ақ дала алқаптарында 140 өрт ошағы тіркелді. Оның ішінде дала өртінен бір адам көз жұмды.

Еске ала кетсек, Көкшетауда салынатын ЖЭО құрылысына тендер өткізіледі.



Соңғы жаңалықтар