Ақмола облысында ордендер мен медальдар толы сейфті ұрлаған күдікті ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қызыл жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне Алматы көшесінде тұратын 55 жастағы жергілікті тұрғын арызданған.

Арызданушының сөзінше, үйінен отбасылық әшекей бұйымдары мен құжаттары және қайтар алдында әкесі аманат етіп қалдырған Қызыл жұлдыз медалі мен өзге де наградалар салынған сейф ұрланған.

«Полиция қызметкерлері ұрының терезе арқылы кіргенін анықтады. Оқиға орнынан саусақ ізін түсіріп, сол аумақтағы тұрғындардан сұрастырды. Осының нәтижесінде Бурабай ауданының 31 жастағы тұрғынына күдік келтіріліп, ол ұсталды», деп хабарлаы ведомство өкілдері.

Полицейлердің сөзінше, күдікті ұрлаған сейфті өзенге лақтырып жіберген. Алайда, оның ішінде ордендер мен медальдар болмай шықты. Отбасылық кейбір әшекей бұйымдар мен «Алтын алқа» медалі заңды иесіне қайтарылды.

«Аса бағалы заттарды ұрлаған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп толықтырды ведомство өкілдері.

Соңғы жаңалықтар