Ақмола облысында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша тексерілген өнімнің 8,1 пайызы талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың екі айында өңірдің санитарлық дәрігерлері 507 өнім үлгісін іріктеп тексерген. Бұл ретте сәйкессіздік 41 сынамада (8,1 пайыз) анықталды.

«Техникалық регламенттердің талаптарын қамтамасыз ету бойынша негізгі заң бұзушылықтар өнімді таңбалауға қатысты 28 сынамада (68,3 пайыз) анықталып отыр. Сонымен бірге, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша - 6 сынамада (14,6 пайыз), физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша - 5 сынамада (12,2 пайыз), қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша - 2 сынамада (4,9 пайыз) сәйкессіздік табылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Ақмола облысының ішкі нарығында айналымда жүрген өнімдерде анықталған сәйкессіздіктің 68,2 пайызы импортқа, 31,7 пайызы отандық өнімдерге тиесілі.

«Тамақ өнімдері үлгілерінің 282 сынамасы алынды, оның ішінде сәйкессіздіктер 19 сынамада анықталды, сәйкессіздіктер пайызы 6,7 пайызды құрады. Жеті сынама (36,8 пайыз) өнімді таңбалау бойынша талаптарға сәйкес келмеді (оқылмайтын мәтін, тамақ өнімдерін сақтау шарттары, пайдалану бойынша ұсыныстар мен шектеулер, тағамдық құндылық көрсеткіштері, тамақ өнімдерінің құрамы, бірыңғай айналым белгісі, орыс және мемлекеттік тілдегі ақпарат), сондай-ақ, алты сынама (31,5 пайыз) микробиологиялық зерттеулер бойынша (БГКП, МАФАМ), бір сынама (5,3 пайыз) қауіпсіздік көрсеткіштері (жарамдылық мерзімі өткен), бес сынама (26,3 пайыз) физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша (сүт майының, май қышқылдарының, метил эфирлерінің арақатынасы, ылғалдың массалық үлесі, құрамдас бөліктердің массалық үлесі; құрғақ майсыздандырылған сүт қалдығы) сәйкес келмеді», - деп түсіндірді ведомстводан.

Өңірдің санитарлық дәрігерлері атап өткендей, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған заң бұзушылықтардың барлық жағдайлары бойынша халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 15 санитарлық ұйғарым берілді. Бұған дейін айтылғандай, Қазақстанда тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту көзделген.


Соңғы жаңалықтар