Ақмола облысында өнегелі отбасыларға сыйлықтар тапсырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Халықаралық отбасы күніне орай өнегелі отбасылар аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан естелік сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласындағы «Неке сарайында» өткен шараға аймақ басшысының орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, ақмолалықтар үлгі тұтар отбасыларды құттықтап, оларға көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылында отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болды. Жыл сайын елімізде Отбасы күнін атап өту, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге, отбасын жан-жақты қолдауға арналған жалпы ұлттық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі күні мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өңірімізде баспана кезегінде тұрғандар, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары, сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 23 жалға берілетін және 11 кредиттік тұрғын үй салынуда. 2020 жылы 183 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын үйге ие болды», – деді Айна Мысырәлімова.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 15 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады. Оның 5,8 мыңы «Күміс Алқа» және «Алтын Алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы отбасылар.

Олардың қатарында әулеттің мұғалімдік еңбек өтілі 348 жылдан асқан Құдабаевтар, еңбек өтілдері 155 жылды құрайтын дәрігерлер әулеті Родиндар отбасы, теміржолшылар әулеті Қасеновтер, жүргізушілер әулеті – Агеевтер, көпбалалы Шотбектер отбасылары бар.


Соңғы жаңалықтар