Ақмола облысында өнегелі отбасыларға құрмет көрсетілді

None
None
 КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Отбасы күніне арналған «Отбасым - қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Достық үйінде ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева адам өмірі отбасынан басталатынын, халқымыз әкені асқар тауға балағанын, жұмақ ананың табанының астында деп аналарға құрмет көрсеткенін, бала - бауыр еті деп ұрпағына айрықша қамқорлық танытқанын айта келе, ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттықты сыйлау әрбір адамның қасиетті борышы екенін жеткізді.

«Елбасымыз атап өткендей, отбасы қазақстандық қоғамның алтын діңгегі болып табылады. Облысымызда отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі жанында арнайы комиссия жұмыс істейді», деді Г.Шөкеева.

Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылы заманауи қоғамда әкелер институтын дамытудың маңыздылығы ескеріле отырып, облыстық әкелер одағы құрылғанынын да атап өтті. Шарада Көкшетау қаласында тұратын өнегелі отбасылар - Мусиндерге, Омаровтарға, Байковскийлерге, Жақыповтарға, Филатовтарға, Төлегеновтарға, сонымен қатар Қиықовтар отбасына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс еткен.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола облысы бойынша өкілдігінің жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оксана Олеговна, жаңадан құрылған облыстық әкелер одағының төрағасы Марат Қойшин сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарына тоқталды.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында көпбалалы аналардың саны 7 160 адамды құрап отыр. Соның ішінде, 2535 «Алтын алқа», 4152 «Күміс алқа» иегерлері. 

Соңғы жаңалықтар