Ақмола облысында оқушыны соққыға жыққан бұрынғы әкімге айыппұл салынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жасөспірімді соққыға жықты деп айыпталған Қорғалжын ауылдық округінің бұрынғы әкіміне сот 15 АЕК (36075 теңге) мөлшерінде айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғалжын аудандық сотының қаулысымен 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды соққыға жықты деп айыпталған ауылдық округтің бұрынғы әкімі Жанат Омаров ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабы, 1-бөлігінде («Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») көрсетілген әкімшілік құқықбұзушылықты жасады деп танылды.

«Оған 15 АЕК (1 АЕК - 2405 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған 10 күн ішінде жазбаша шағымдануына болады», - деп мәлімдеді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында 8-сынып оқушысын соққыға жыққан Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаровтың үстінен іс қозғалған болатын.

Дәрігерлер баланың диагнозы туралы: «ми шайқалған, иық буындары мен белдің жұмсақ тіні жараланған, бес аумағы жараланған. Қазіргі уақытта баланың жағдайы орташа-күрделі, өміріне ештеңе қауіп төндіріп тұрған жоқ. Томография қорытындысына сәйкес, бас миы жағынан қан құйылуы немесе жарақат алу жағдайы жоқ», - деген болатын.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, баланың денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. 2017 жылы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы қылмыстық бап қатарынан алынып, әкімшілік құқықбұзушылықтар қатарына жатқызылған болатын. Сондықтан бұрынғы әкімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.

Соңғы жаңалықтар