Ақмола облысында облыстық туристік слет мәресіне жетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында халықаралық туризм күніне арналған облыстық «Күзгі жапырақтың түсуі» туристік слеті мәресіне жетті.

Бұл туралы «Ақмола Медиа орталығы» хабарлады. Зеренді ауданының Садовое ауылындағы «Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығы» мемлекеттік мекемесінің аумағында өткен жарысқа Атбасар, Ақкөл, Бурабай, Есіл, Жақсы, Бұланды, Зеренді, Сандықтау аудандарынан, Көкшетау қаласы және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген барлығы 18 команда қатысты. «Қатарынан үш күн бойы өткен шараның мақсаты - өңірде туризмді насихаттап, осы бағытта тәжірибе алмасу, сондай-ақ осындай республикалық жарыстарға қатысатын туристік көпсайыстан облыстың мықты командаларын анықтау болып табылады», - дейді ұйымдастырушылар. Жарыс қорытындысына сай, 1998 жылы туылғандар және одан жоғары топтағылар арасында 1 орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Петропавл қаласының командасына бұйырса, жүлделі 2 орынға облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының «Фирн» командасы лайық деп танылды. Ал, 3 орынды Бурабай ауданының туризм және сервис индустриясы колледжі командасы місе тұтты. Сонымен қатар 1998 -2001 жылғы туылғандар арасындағы топта 1 орынға Сандықтау ауданының командасы көтерілсе, 2 орын Солтүстік Қазақстан облысынан келген Петропавл, ал 3 орын Щучьедегі «Арман» ТЖО командаларына бұйырды. Ал, соңғы 2002-2004 жылы туылғандар тобында 1 орынды облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының командасы жеңіп алды , екінші және үшінші орындарды Петропавл және Көкшетау қалаларының командалары өзара бөлісті. Жарыс соңында жеңімпаз командалардың барлығына бағалы сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды. Жеңімпаздар республикалық жарыста Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.

Соңғы жаңалықтар