Ақмола облысында науқас балаларды оңалту қалай жүзеге асырылады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында науқас балаларды оңалту шаралары қалай жүзеге асырылуда? Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Омарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, 2022 жылдың 10 қаңтарынан Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастады. Мекеме орталық және перифериялық жүйке жүйесі, ми мен жұлынның туабітті ақаулары бар балаларға арналған. Оңалту орталығына бір мезетте 50 бала келеді. Мұнда биылғы 10 айда 444 бала ем-дом алды. Жалпы жыл соңына дейін 600 баланы оңалту жоспарланған.

«Степногор көпсалалы қалалық ауруханасының базасында 2022 жылдың ақпан айында ерте жастағы балаларды (үш айдан үш жасқа дейін) медициналық-әлеуметтік оңалту және педагогикалық түзету үшін ерте араласу орталығы ашылды. Тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында үшінші кезеңдегі медициналық оңалту жүргізіледі. Қазіргі уақытта тәулік бойы 2 және күндізгі 16 төсек орын орналастырылған. Өңірде тірек-қимыл аппараты бұзылған 540 бала, ал церебралды сал ауруы диагнозымен 504 бала есепте тұр», - дейді Бибігүл Омарова.

Сонымен бірге басқарма басшысы атап өткендей, өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік дамытылуда. Мәселен, «Viamedis» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 1,12 миллиард теңгеге емханасы бар жаңа клиникалық-оңалту орталығының құрылысын жүзеге асырды. Емхана 2 ауысымда 500 адамды қабылдай алады.

«Орталық тіркелген халыққа, сондай-ақ қала мен облыс тұрғындарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлуеметтік медициналық сақтандыру шеңберінде стационарлық, зертханалық, профилактикалық, әлеуметтік және психологиялық, хирургиялық және терапевтік көмек ұсынады. Бұдан бөлек, сәулелік және функционалды диагностика, компьютерлік томография және магнитті диагностика бойынша алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетеді. Резонанстық томография, күндізгі стационар және үйдегі стационар, қалпына келтіру бойынша емдеу және медициналық оңалту тәрізді қызметтер қарастырылған», - деп толықтырды Бибігүл Омарова.

Орталықта стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін 46 төсектік күндізгі стационар ұйымдастырылады. Диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін клиникалық-диагностикалық зертхана, КТ, МРТ және цифрлық рентген сәулелік диагностика бөлімшесі жұмыс істейтін болады.

Айта кетсек, Ақмола облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынады.


Соңғы жаңалықтар