Ақмола облысында мұқтаж оқушыларға 23 мың компьютер үлестіріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының қоғам белсенділері мұқтаж оқушыларға 23 мың компьютерді үйлестіруді бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында өңірдегі оқушыларын қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін облыстық білім басқармасына 23 мың бірлік дербес компьютерлер, ноутбуктер мен планшеттер сатып алуға 3,5 миллиард теңгеден астам қаражы бөлінген. Компьютерлік техниканы мемлекеттік сатып алудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылды, оған департамент қызметкерлері мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары енді.

«Комиссияның уақытылы және тиісті жұмысының арқасында бөлінген бюджет қаражатының 20 пайызы, яғни 600 миллион теңгеден астамы үнемделді. Бұл қосымша компьютер жабдықтарын сатып алуға және мұқтаж оқушыларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жақында ғана біз қоғам өкілдерімен бірлесіп, қалалық білім бөліміне 200-ге жуық дана компьютердің бірінші партиясын алуға қатысты», - дейді Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев.

Айта кету керек, компьютерлік техника қашықтықтан оқыту кезінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға уақытша пайдалануға беруге арналған.

«Бұдан әрі қандай да бір ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында мектеп оқушылары арасында келіп түсетін компьютерлік техниканың мақсатты бөлінуіне мониторинг жүргізілетін болады. Бұл мәселе Антикордың да, жұртшылық өкілдерінің де бақылауына алынды», - деп атап өтті ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар