Ақмола облысында мүгедек жан өз бизнесін ашты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысының Жарқайың ауданында қайта өндіруге жарайтын шикізаттарды қабылдайтын арнайы қойма жұмыс істеп тұр. Оны ДЦП диазногы бар, 2 топтағы мүгедек Сергей Привалов ашып, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулығындағы кінәратына қарамастан Сергей бала күнінен алғыр болып өскен. Мектепті үйде оқып жүріп аяқтаған соң, колледжден бағдарламашы мамандығын алып шықты. Кейін ата-анасы мен достарының қолдауының арқасында Державинск қаласында кішігірім қойманы жалға алып, картон қағаздары, пластик бөтелкелері мен темір ыдыстарды жинайтын орын ашты. Қоймада отырып қана қоймай, қала ішін аралап, шикізат іздеуге кірісті. Жиналған қаражатына велосипед сатып алып, оған арнайы жәшіктер орнатты.

Өткен жылдың күзінде «Нұр Отан» партиясының Жарқайың аудандық филиалына көмек сұрап келген Сергейге партияластар қол ұшын созып, қажетті құжаттарды жинастырып, қойманы сенімгерлік басқаруға алуға көмектесті. Қоймада бүгінгі күні Сергей аллюминий ыдыстарды, пластик, шыны бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын жинауда.

«Сергей өз ісін картон жинаудан бастаған. Партияның көмегімен құжат жинауға көмектестік. Облыс орталығына шикізат жөнелтуде қиындық көріп отыр. Бұл мәселе де шешімін табады деп сенеміз»,- дейді аудандық партия филиалының консультанты, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Әділ Нұрбеков.

Бүгінгі күні Сергей «Бастау- бизнес» бағдарламасына құжаттарын тапсырып қойған. Оқып, несие алып, бизнесін кеңейтсем деген ниетте.

«Қоқыс өңдейтін цех ашсам деймін. Айналаның барлығы шашылған қоқыс. Оны қайта өңдеуден өткізіп, құрылыс заттарын шығару ойда бар»,- деп өз жоспарымен бөлісті Сергей.

Сергей бүгінде қол қусырып отырған жан емес. Қатарластарынан кем қалмай жоба жазып, грант алып, бизнесін кеңейтпекші.

Соңғы жаңалықтар