Ақмола облысында мотоцикл мінген әйел мен ер адам жол апатынан көз жұмды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында мотоцикл жүргізушісі мен жолаушысының жол апатынан көз жұмуына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 тамызда Целиноград аудандық полиция бөліміне патрульдік полиция ротасының қызметкері хабарласады. Ол Қарамеңді батыр мен Арайлы ауылдары арасында, «Екатеринбург – Алматы» автожолының 1212-шақырымында Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны «Toyota Estima» автокөлімен «Raсer» мотоциклін қағып кеткенін айтқан.

«Жол апатынан мотоцикл жүргізушісі – Жаңаесіл ауылының 25 жастағы тұрғыны мен оның жолаушысы – Новоишимка ауылының тұрғыны, 25 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайларын анықтап жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, 2022 жылдың басынан бері облыста Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы (ҚР жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау) бойынша 11 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 2 106 әкімшілік хаттама толтырылған.

Еске сала кетейік, Ақмола облысында жол апатынан зейнеткер көз жұмған болатын.


Соңғы жаңалықтар