Ақмола облысында менингококк жұқпасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында менингококк жұқпасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Ақмола облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, облыста менингококк жұқпасы бойынша эпидемиологиялық жағдай дәрігерлердің бақылауында. Эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

«Жыл басынан бері облыс бойынша ересектер арасында 1 менингококк жұқпасы тіркелді. Анықталған жағдайлар бойынша ошақтарда эпидемияға қарсы және профилактикалық іс шаралар жүргізілді. Науқаспен қарым - қатынаста болғандар саны анықталып, барлығы медициналық тексерістен өткізілді. Олардың арасында менингококк бактерияларын тасымалдаушылар анықталған жоқ», - деп түсіндірді Азамат Дүйсенов.

Әйтсе де бүгінгі таңда мерзімдік айналымға сәйкес Алматы облысында менингококк жұқпасының жағдайлары тіркелді. Сол себепті, департамент басшысы бүгінгі күні осы жұқпаға көңіл аудару қажеттігін айтуда.

Еске сала кетейік, менингококк жұқпасы антропоноз сырқаттарына жатады. Жұқпа көзі - сырқаттанушы немесе бактерия тасымалдаушы. Таралу жолы ауа, тамшы арқылы, науқас немесе тасымалдаушымен жақын қатынаста болған жағдайда жұғады.

Менингококк жұқпасының клиникасы жіті вирусты инфекциясына сәйкес келеді: дененің қызуы 39-40 °C дейін көтеріледі, тамақтың ауруы, жыбырлауы пайда болады, мұрын қабынады. Денеге бөртпелер шығады.

Соңғы жаңалықтар