Ақмола облысында менингитке 544 адам тексерілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында менингококк инфекциясы бойынша жағдай тұрақты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте Серік Омарханов менингококк инфекциясы бойынша соңғы тіркелген мәліметке байланысты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы мамандандырылған медициналық мекемесіне 2018 жылдың 1 маусымы күні менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен науқас түскен.  Науқастың жұтқыншағынан жағынды алынып, «Nisseria meningitides» табылды (сау жұқтырушы). 1 маусымда инфекционист-дәрігер профилактикалық ем тағайындады. Бүгінгі күні науқас изоляторға оқшауланған, санация және антибиотиктермен емдеу жүргізілуде.

Ақмола облысының медициналық ұйымдарының мәліметтері бойынша, 544 адам тексерілді, оның 251-і пациент және 293-і персонал. 298 анализде  инфекция табылмаған, 246-сы жұмыс барысында. Зерттеу кезінде барлық 544 адамда клиникалық белгілер анықталмаған.

«Алдын алу мақсатында Щучинск қаласындағы тұрғын үй мекенжайы бойынша 5 адам тексерілді, нәтижелері - теріс. Ал Ақкөл ауданында менингит инфекциясына күдікті тұрғындар жоқ. Сонымен қатар, 5 маусым күні Астана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан 1994 жылы туған Шортанды ауданының тұрғынында менингококк инфекциясына күдік жойылып, «Энтеровирусты инфекция» диагнозы қойылды. Науқас емделіп жатыр. Қарым-қатынаста болған 7 адаммен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Зертханалық зерттеу, оториноларинголог дәрігердің тексеруі, менингококк инфекциясының алдын алу шаралары туралы әңгіме өткізілді», - деп түсіндірді Серік Омарханов.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы бойынша тәулік бойы 8 (800) 080-64-81 номерімен call-орталық жұмыс істейді. Маусымның 6-7 күндеріндегі жағдай бойынша менингитті алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері жөнінде 55 сұрақ келіп түсті. Барлық сұрақтар бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

Соңғы жаңалықтар