Ақмола облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 81  жоба жүзеге асырылуда
2021 жылғы 23 тамыз 14:38

Ақмола облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 81  жоба жүзеге асырылуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Ақмола облысында экономиканың алты саласы бойынша мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде 81 жоба іске қосылды. Оның ішінде басым көпшілігі білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша. Осы ретте, жеке инвестициялардың негізгі үлесі білім беру саласына тиесілі – 64 жоба, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бүгінде сенімгерлік басқаруға 45 нысан – сегіз балабақша мен 37 мектеп асханасы берілді. Жеке қаржылық бастама аясында бес балабақша ашылды. 12 мектеп асханасын сенімгерлік басқаруға беру және екі мектеп салу бойынша 14 жоба жоспарлау сатысында тұр.

Денсаулық сақтау сияқты маңызды салада жеті жоба жүзеге асырылуда. Бурабай ауданының аудандық ауруханасы мен емханасы және Степногорск мен Көкшетау қалаларының емханалары сенімгерлік басқаруға берілді.

Көлік саласында құны 4,5 миллиард теңге болатын төрт жоба бойынша 1,3 миллиард теңге сомаға мемлекеттік міндеттемелерді қабылдаумен шарттар жасалды. Инвестициялар арқасында «Көкшетау автобус паркі» ЖШС 74 жаңа жайлы автобус және «Сейнур» фирмасы» ЖШС 20 автобус сатып алды.

Тұрғын үй құрылысы саласында облыс орталығына жақын орналасқан Краснояр ауылындағы 32 пәтерлі тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша үш жоба жүзеге асырылды. Құрылыстар қалпына келтірілді, пәтерлердің бір бөлігі әкімдікке берілді, бір бөлігі инвесторлар сатты.

Табиғатты қорғау саласында Атбасар ауданының Сепе ауылындағы бөгетті одан әрі пайдаланумен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге шарт жасалды. Енді бөгетті пайдалану, оны тиісті жағдайда ұстап отыру кәсіпкерге жүктеледі. Жазда тұрғындар бақшаларды суару, малға күтім жасау үшін суды тегін алады, балық аулайды, енді үйлерін су басу қаупі жоқ.

«Жобалар өте маңызды, олар түрлі салаларда жасалған. Басқа салаларда жасалатын жобаларға қатысты міндетті түрде «мемлекеттік міндеттемелерді қабылдаумен» деген сөз тіркесі болады. Солай болуы керек. Мемлекет пен бизнестің жауапкершілігі ынтымақты, шарт талаптарының сақталуы қатаң бақылануы тиіс», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасындағылар.



Jańalyqtar

MURAǴAT