Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Ақмола облысында мемлекеттік тілді үйрететін 288 топ ашылды

2022 жылғы 30 сәуір 13:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 20 тіл үйрету орталығы жұмыс істеп жатыр. Ол жерлерде тыңдармандар мемлекеттік және ағылшын тілін үйреніп жатыр. Аталған облыста мемлекеттік тілді үйрету жұмысы туралы оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қаратай Төлекеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Ақмола облысы бойынша 20 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында мемлекеттік тілді үйрету үшін 288 топ ашылып, оған 3124 тыңдаушы қабылданды. Ал ағылшын тілі бойынша 56 топ ашылып, 597 тыңдаушы қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар бес деңгейлік ұлттық стандарт пен бірүлгі бағдарлама бойынша мемлекеттік тілді оқытудың 3 деңгейлік оқу бағдарламаларына сәйкес «Қазтест» жүйесінің оқу-әдістемелік кешенін қолданамыз», - деді Қаратай Төлекеев.

Оның айтуынша, ендігі уақытта тыңдармандар тілді кәсіби тұрғыда үйретуді сұрап отыр.

«Бұл талап орынды деп ойлаймын. Сондықтан болашақта мектеп бағдарламасында тілге баса назар аударып, сағат санын көбейтіп, ҰБТ тапсырғанда қазақ тілді білу деңгейі нақты анықталуы керек. Жоғары оқу орнында мектептен алған тіл білу деңгейін ары қарай жүйелі түрде жалғастырып, қазақ тілін терең меңгеру бойынша сынақ өткізілсе», - дейді ол.

Сондай-ақ, орталық басшысы мемлекеттік қызметке орналасу үшін тапсыратын емтихан кезінде үміткердің қазақ тілін меңгеру деңгейі есепке алынса деген ұсыныс жасады.

«Тілдерді оқыту орталықтары 360 сағат тыңдаушының алған білімін қайталатпай, 60 немесе 120 сағаттық кәсіби сала бойынша оқытса дейміз. Сол кәсіптің лексикалық минимумын толықтырып, жұмыс саласы бойынша құжат айналымын үйретіп, тілін әбден жаттықтырсақ, қаражатқа да уақытқа да үнем болар еді. Ол үшін ешқандай реформаның керегі жоқ», - деді Қ. Төлекеев.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары