Ақмола облысында медициналық мекемелердің жабдықталу көрсеткіші өсті

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – 2022 жылдың 10 айында Ақмола облысында медициналық мекемелердің жабдықтармен жарақтандыру көрсеткіші 1,5 пайызға артып, 80,7 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуға ерекше назар аударылып келеді. 2022 жылғы 8 ақпанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында құны 20 миллион теңгеден асатын медициналық техниканы «СК-Фармация» ЖШС базасында орталықтандыру арқылы сатып алуға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Биылғы жылы 50 бірлік медициналық техниканы сатып алуға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен субвенциялар есебінен денсаулық сақтауға 32 бірлік медициналық техника сатып алу үшін 1,3 миллиард теңге бөлінді, 18 бірлік медициналық техника жергілікті бюджет қаражаты есебінен 191,9 миллион теңге сомаға сатып алынады. Жақын арада сатып алынған жабдықты жеткізу күтілуде», - деді ведомстводан.

2022 жылдың 10 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда медициналық жабдықтармен жарақтандыру 1,5 пайызға артып, 80,7 пайызды құрады.

«Сонымен бірге, медициналық нысандардың ғимараттарын сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп толықтырды ведомстводан.

Республика бойынша өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін нысанын салу бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Осы ретте Ақмола облысының ауылдарында 38 МСАК нысанын (14 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, үш медициналық пункт) салу жоспарланған.

Оның ішінде Целиноград ауданында 16 нысан, Шортанды ауданындағы төрт нысан, Ақкөл және Бұланды аудандарындағы үш нысан, Есіл және Зеренді аудандарында екеуден, Атбасар, Жарқайың, Аршалы, Астрахан, Біржан сал, Ерейментау, Жақсы және Егіндікөл аудандарында бір бір нысаннан бар.

Бұдан бөлек, республика бойынша пилоттық жоба шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды ашу және қайта жаңарту қарастырылған.

Соның ішінде Ақмола облысында екі аурухананы қайта жарақтандыру жоспарланған. Бұл Атбасар және Бұланды аудандарындағы көпсалалы ауданаралық ауруханалар. Ауруханаларда инсульт және кардиологиялық бөлімшелер, Тері арқылы коронарлық араласу-орталықтар, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады. Ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық классты УДЗ, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтар, медициналық оңалту үшін) және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Сонымен бірге, Целиноград ауданының Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының және Қосшы қаласында 100 адам қабылдайтын емхананың құрылысы жалғасып жатыр.

Атбасар ауданының Новосельское ауылында 170,1 миллион теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт және Атбасар ауданының Сочинское ауылында медициналық пункт салуға «Шаңырақ-XII» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды.

Ведомстводан атап өткендей, бұдан бөлек, 2025 жылға дейін ұлт денсаулығы жобасын жүзеге асыру аясында Көкшетау қаласында көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр.

«Бүгінгі күні Сарыарқа ықшамауданында жергілікті атқарушы орган тарапынан 17 гектар жер телімі бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр», - деп түйіндеді ведомствоның баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар