Ақмола облысында майдангерлерге құрмет көрсетілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов 9 мамыр- Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне дастархан жайып, құрмет көрсетті.

Бұл күні кеуделерінде ордендер мен медальдар жарқыраған соғыс және еңбек ардагерлері бір-бірімен қауышып, көңілдері бір көтеріліп қалды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген оларды осынау мерекемен құттықтаған өңір басшысы Ұлы Жеңістің мән-маңызына және өңірдің қол жеткізген табыстарына, алда тұрған мақсаттарына тоқталды.

«Жеңіс күні - бүкілхалықтық ұлы мереке. Өйткені, ол біздің барлығымызды біріктіреді. Бұл мейрамды әрбір қазақстандық отбасы мерекелейді. Бұл тарихи дата Ұлы халықтық ерлік күні ретінде барлық ұрпақтың мәңгі есінде қалады. Егер сонау сұрапыл соғыста жеңіске қол жеткізбегенде, болашаққа ұмтылған тәуелсіз Қазақстан болмас па еді. Құрметті ардагерлер, еліміздің қол жеткізген жетістіктері ішінде сіздердің үлестеріңіз де мол екенін жете түсінеміз. Сіздер бүгінгі күні де мемлекеттің сенімді қорғаушыларын тәрбиелеу барысында жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып отырсыздар. Біз бейбітшілікті жоғары бағалаймыз. Сондықтан, Елбасының бейбітшіліксүйгіш саясатын бірауыздан қолдаймыз. Біз сіздердің ерліктеріңіз бен Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіздің алдында бас иеміз", деді облыс басшысы өз сөзінде.

Дастархан басында облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек пен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Шапай Әбутәліпов те құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге деген жүрекжарды лебіздерін білдірді. Осы күнге жете алмаған боздақтар мен соғыс және еңбек ардагерлері еске алынып, жергілікті көркемөнерпаздардың орындауында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.

Сондай-ақ, ардагерлерге бағалы сыйлықтар да үлестерілді.

Соңғы жаңалықтар