Ақмола облысында мас күйінде мемлекеттік көлікті айдаған мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мас күйінде мемлекеттік көлікті айдаған мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде өткен Тәртіптік кеңес отырысында айтылды.

Тәртіптік кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен өткен басқосуда қызметтік автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарған, яғни, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексін бұзған Еңбекшілдер аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Н. Рақымжановқа, ҚР АШМ АӨК МИК Есіл аудандық аймақтық инспекциясының басшысы Ж. Ахметбековке және Аршалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы И. Ратушнякқа қатысты тәртіптік істер қаралды.

Тәртіптік кеңесте анықталғандай, алғашқы екеу, яғни Н.Рақымжанов пен Ж.Ахметбеков демалыс күндері мемлекеттік көлікті өз мақсаттары үшін мінгені анықталды. Мініп қана қоймай масаң күйде жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің қолына түскен.

Ал, И. Ратушняк болса, 9 мамыр мерекесі күні мемлекеттік «ВАЗ» көлігін алкогольдік ішімдік ішіп алып басқарып қана қоймай, жол-көлік апатына ұшыраған. Соның салдарынан өзінің бел омыртқасы сынып, астындағы мемлекеттік көлігіне залал келген. Алайда, тәртіптік кеңес мүшелері алдында сөз сөйлеген ол, өз кінәсін толықтай мойындаса да, осыдан 5 ай бұрын орын алған жол апатында қираған көлікті әлі қалпына келтірмеген, яғни, мемлекет мүлкіне келтірілген материалдық шығынды өтемеген.

Осылайша, жауаптылардың пікірін тыңдай келе тәртіптік кеңес мүшелері Ар-намыс кодексін бұзған Еңбекшілдер аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Н. Рақымжанов пен ҚР АШМ АӨК МИК Есіл аудандық аймақтық инспекциясының басшысы Ж. Ахметбековке аудан әкімдері тарапынан қатаң сөгіс беру жөнінде шара қолдануға ұсыныс жасалды.

Ал, Аршалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы И. Ратушнякқа мемлекет мүлкіне келтірілген материалдық шығынды тез арада өтеу және аудан әкімі тарапынан оның қызметіне лайық емес жөнінде ескерту жасау туралы шара қолдануға ұсыныс жасауға шешім қабылдады.

Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағының 10 және 12 бөлімшелерінің талаптарын бұзған Целиноград ауданының Қараөткел селолық округінің әкімі А.Қонбайға, Талапкер селолық округінің әкімі Н.Мұзамеловқа, Максимов селолық округінің әкімі С.Жұмабаевқа және мектеп ғимаратында ұстазбен жанжалдасып, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексін бұзған Ақкөл ауданының Кеңес селолық округінің әкімі Т. Әбдірахмановқа қатысты тәртіптік істер қаралып, әрбіреуінің заң бұзушылығына байланысты нақты шешімдер қабылданды.

Соңғы жаңалықтар