Ақмола облысында марганец зауыты салына ма

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы Жақсы ауданының тұрғындары мен аудан орталығында марганец зауытын салуды жоспарлап отырған «ТКС Жақсылық» ЖШС өкілдері бір бітімге келе алмай отыр. Тұрғындар мұндай кәсіпорынның пайдасынан гөрі қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зияны көп деп есептейді. ҚазАқпарат тілшісі осы мәселенің анық-қанығына көз жүгіртіп көрді.

«Компания өкілі ретінде экологиялық сараптама жүргізуді өтіндім. Шын мәнінде қоршаған ортаға ешқандай экологиялық зияны жоқ. Мүмкін кейін болатын шығар. Бірақ, оның өзі екіталай. Өйткені, барлық жұмыстар бұрын осындай кәсіпорында жұмыс істеген мамандармен кеңесе отырып, қолға алынды. Өзімнің мамандығым - химик. Біз жобаны толық әкімдікке тапсырдық. Жобада барлығы көрсетілген», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісіне «ТКС Жақсылық» ЖШС өкілі Әнуар Хамит.

Оның сөзінше, марганецтің адам өміріне қауіпі екені рас. Бірақ тек тәуліктік дозасы 40 промилл немесе одан асып кетсе ғана. Алайда, келешекте кәсіпорында ондай доза болмайды.

«Біріншіден бізде таза күйінде өндіріледі, оның пайыздық мөлшері бір - тонна рудаға 14 пайыздан ғана келеді. Бұған қоса, біз қайта өңдемейміз де. Өндіріп, ұсатып фракция күйінде зауытқа жөнелтеміз. Осы ретте ешқандай химикаттар қолданылмайды», - деп түсіндірді Ә.Хамит.

Компания өкілі атап өткендей, аталмыш зауытты салуға қарсылық білдіріп отырғандар - жұмысы бар, жалақысы жақсы тұрғындар.

«Олардың ешқандай проблемасы жоқ, олар өзгерісті қажет етпейді. Мен инвестицияның келуіне қарсы шығатын адамдарды түсінбеймін. Кәсіпорын жоқ дегенде 200 адамның орта есеппен айына 150 мың теңге жалақы алуына мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз - айлық еңбекақы қоры шамамен 30 миллион теңге деген сөз», - дейді ол.

Осы орайда, Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Малғаждаров та бұл мәселеден тыс қалған жоқ, орын алған жағдайға байланысты түсініктеме берді.

«Заңмен бекітілген процедура бар. Олар бізге жер телімін беру туралы өтініш білдірді. Әкімдіктің бұған еш қарсылығы жоқ. Тек барлық жағдайда ұстанатын тиісті процедура бар. Осы процедура арқылы олардың жер телімін сұраған өтініші бар. Бүгінгі күні жер комиссиясы оларға жер телімін беруден бас тартатыны туралы шешім шығарды. Әкімдік жер комиссиясының шешімі негізінде қаулы шығарды. Бұл - ресми ұстаным», - деп жауап берді аудан әкімі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Сонымен қатар, аудан әкімі аталмыш мәселе жер комиссиясында қоғам өкілдерінің қатысуымен қаралғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні аудан тұрғындары облыстық прокуратураға арыз жолдады, әзірге мәселе шешімін тапқан жоқ», - деп толықтырды Б.Малғаждаров.

Соңғы жаңалықтар