Ақмола облысында мал басы көбейді
«Ірі қара мал басының саны 3,2 пайызға (545 мыңға дейін) өскені тіркелді. Сонымен қатар ұсақ мал басы 3,5 пайызға (740 мыңға дейін), жылқы – 7,5 пайызға (248,4 мың бас), құс саны 25 пайыз (9,5 млн) артты», - деді Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, етті және сүтті мал шаруашылығына ерекше екпін қойылып отыр. Биыл 6 мың бас асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу арқылы етті фермаларды құру бойынша 112 жобаны жүзеге асыру басталды. Сонымен қатар 4 мың бас малды қамтитын 19 сүтті-тауарлық ферма іске асырылып жатыр.
Осы орайда ол облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері тұрақты түрде елордаға азық-түлік өнімдерін жеткізіп жатқанын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, облыс әкімі 2021 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген бағыттарында жоспарлы индикаторлар орындалғанын айтты.