Ақмола облысында лауазымды тұлғаға пара берген әкім сотталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Шортанды кентінің бұрынғы әкімі лауазымды тұлғаға пара бергені үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылдың 15 мамырында Көкшетау қалалық сотының үкімімен Ақмола облысы Шортанды кентінің экс-әкімі Ц. Мәмбет 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын орта қауіпсіздік түзеу мекемесінде өтейді.

«Ол құқық қорғау органының қызметкеріне өзіне қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істі тоқтату үшін 7,9 миллион теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Сотталған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деді ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалық кәсіпкерге дизельді жеңілдікпен беруден негізсіз бас тартылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар