Ақмола облысында қызметтік ит адам өлтірген күдіктіні ұстап берді

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қызметтік иттің көмегімен полиция кісі өлтірген күдіктіні дереу ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 мамыр сағат 17:45 шамасында Целиноград аудандық ПБ кезекші бөлімшесіне Талапкер ауылында ер адамның денесі табылғаны туралы хабар түседі. Үй маңынан табылған 26 жастағы жігіттің кеудесінің сол жақ тұсына пышақ сұғылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының құрамында кинолог та жіберіледі.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Альфа» атты қызметтік иттің көмегімен 19 жастағы жергілікті тұрғын - жәбірленушінің туысы күдікті ретінде ұсталды. Ол уақытша оқшаулағышқа қамалып, үстінен Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, Көкшетау дүкеніне жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған адам іздестіріліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар