Ақмола облысында қылмыс көрсеткіші 33,7 пайызға төмендеген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қылмыс көрсеткіші 33,7 пайызға азайған. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен қылмыспен күрес және заңдылық, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік ведомствоарлық комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қылмысты алдын алуда қатаң шара қолдану қажеттігі және барлық мемлекеттік органдардың күшін үйлестіру міндеті маңызды екенін атап өтті.

Осы ретте орта және ауыр қылмыстармен күрес бойынша қолға алынған шаралар, интернет алаяқтық және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі қаралды.

«Биыл коронавирус пандемиясы қоғам өміріне өзгерістер енгізді. Жалпы, облыста қылмыс көрсеткіші 33,7 пайызға азайған. Өңірде қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға 110 қылмыстан келеді. Бұл - республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Ал, тергеліп, ашылған қылмыстық істердің саны 37,3 пайызға артқан», – дейді ПД баспасөз қызметіндегілер.

Тіркелген қылмыстарды талдау көрсеткендей, тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, спирттік ішімдік ішудің соңы қашанда жанжалға, тіпті ауыр қылмысқа әкеп соғып жатады.

Осылайша заңбұзушылыққа көбіне тұрмысы төмен, жұмысы жоқтар барады. Аса ауыр қылмыстардың басым көпшілігі масаң күйде жасалған.

Сонымен бірге, жиында карантин кезінде кибер-алаяқтардың көбейіп кеткендігі де айтылды. Мұндай қылмыстардың әр біреуінде алаяқтар ақпараттық және коммуникациялық технология құралдарын, ұялы телефон және интернет желісін қолданады.

«Жедел іздестіру шаралары кезінде 110-нан астам қылмысқа қатысы бар 12 алаяқ ұсталды. Қалған істер бойынша тергеу шаралары жалғасуда» деп толықтырды ведомстводан.

Комиссия отырысында өңірде ұрлықтың тыйылмай тұрғаны айтылып, жол апатының салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың себептері мен олардың алдын алу мәселесі де көтерілді.


Соңғы жаңалықтар