Ақмола облысында КВИ-мен ауырғандар саны 1,5 есе артты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бөткен аптада 1,5 есе артқаны байқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. 2020 жылы COVID-19 зертханалық расталған 7 мың 247 жағдай тіркелген, 2021 жылы – 42 мың 434, 2022 жылы – 19 мың 328, шілде айында – 78.

«Өңірде COVID-19 ауруының өсуі 15 маусымнан бастап байқалады. Өткен аптада, 29 маусым мен 6 шілде аралығында 32 жағдай, соңғы аптада – 7-13 шілде аралығында 51 жағдай тіркелді, 1,5 есе өсу байқалады. 78 науқастың 33-і вакцинацияланбаған, олардың 32-сі уақтылы ревакцинация алмаған», – деді Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов.

Айта кетсек, 14 шілдедегі жағдай бойынша өңірде 78 жағдай тіркелген. Байланыста болған адамдар арасында аурудың екі жағдайы тіркелді, ауру белгілері пайда болғаннан кейін медициналық көмекке жүгінген кезде науқастар анықталған.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында вирустық этиологиядағы серозды менингит анықталғаны туралы жазған едік.



Соңғы жаңалықтар