Ақмола облысында квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық мәселесі талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің Көкшетау қаласының әкімдігі жанындағы «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК-нің еңбек ұжымымен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде аталмыш департаменттің алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында департамент жүргізіп жатқан қажетті шаралар туралы кездесуге қатысушыларға ақпарат берді.

Айта кету керек, өткен жылы жылу тарифтерін негізсіз көтеріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған «Көкшетау Жылу» бұрынғы бас директоры Сергей Жуков пен оның орынбасары Гаухар Алтынсарина сотталды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, соның ішінде, жылумен қамтамасыз ету саласы теріс пиғылды қызметкерлердің түрлі жемқорлық схемаларын жүзеге асыру үшін қолайлы орта екені барлығына анық. Олар мемлекеттік қызметкер болмаса да көмір, мазут сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланады. Осы орайда, біз аталған жағдайларды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды көздеп отырмыз. Алайда, біз үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте алдын алу шараларын жүргізу басты бағыт екендігін атап өту қажет. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлық көріністерінің кез келген түріне төзбеушілік танытып, өз жұмыстарыңызды парасатты және адал атқаруға шақырамыз», - деді Бақытжан Әмірханов.


Соңғы жаңалықтар