Ақмола облысында «Құлагер - 2016» ХҮІ облыстық спартакиадасы мәресіне жетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұлттық спорт түрлерінен «Құлагер - 2016» атты ХҮІ облыстық спартакиадасы мәресіне жетті.

Жарыс ерлер және әйелдер арасында тоғыз құмалақ, аударыспақ, қазақша күрес, жамбы ату, асық ату, теңге ілу, құнан бәйге, жорға жарыс, тоқ бәйге сияқты ұлттық спорттың он бір түрінен өтті. Оған облыстың 17 ауданы мен 2 қаласынан 19 команда қатысты.

Шараның ашылу салтанатында қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков осыған дейінгі байрақты жарыстарда жүлделі орын алғандарға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Олардың ішінде Қытайда өткен Азия чемпионатында аударыспақтан күміс жүлдегер атанған ерейментаулық Хамит Ерейханның жаттықтырушысы Берік Ахметов, тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Марат Жәмбеталин және «Арлан» хоккей клубының жаттықтырушысы Игорь Горьков бар.

Спартакиадада ат жарыс өте тартысты өтті. Оның ішінде 16 шақырымға белгіленген тоқ бәйгеде Жақсы ауданынан келген шабандоз А. Сұлтанбеков «Жагдан» атты тұлпарымен мәреге бірінші болып жетті. Ал, жүлделі екінші және үшінші орындарды «Сұлтан» атты сәйгүлігімен шапқан шортандылық Д.Бутарин мен «Граф» атты жүйрікпен шапқан сандықтаулық И.Пудин өзара бөлісті.

Ал, 7 шақырым қашықтық бойынша өткен құнан бәйгеде атбасарлық шабандоз Д.Нинашов жеңімпаз атанды. Ол тақымдаған «Ғажап» атты тай қарсыластары «Керім» мен «Лашынды» басып озып, мәре сызығын бірінші болып қиды. Жорға жарысында сандықтаулық «Прок» атты сәйгүлікке мінген С.Корнилов жеңіс тұғырына көтерілді.

Жалпы командалық қорытынды есеп бойынша көкшетаулықтар өткен жылғы нәтижені қайталап, бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және құнды бағалы сыйлықтармен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар