Ақмола облысында қостанайлық гастролер-ұрылар ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бірнеше пəтерді тонаған қостанайлық гастролер-ұрылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, Көкшетау қаласының ПБ кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғынан арыз түскен. Зардап шеккен әйелдің айтуынша, 14 желтоқсанда белгісіз біреулер оның пәтеріне кіріп, құны 500 мың теңге болатын əшекей бұйымдарын қолды еткен. Ұрылар есіктің құлыбын арнайы құралмен ашқан.

«Жедел іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай күдіктілерді ұстады. Олардың 32 және 33 жас аралығындағы Қостанай облысының тұрғындары екені анықталды. Сонымен қатар, Ақмола облысы аумағында дәл осындай қылмыстарға қатысы бары әшкереленді», деп түсіндірді ведомстводан.

Айталық, ағымдағы жылдың қараша айында Степногор қаласында жергілікті тұрғынның пәтерін тонап, барлығы 8 миллион теңгенің әшекей бұйымдарын қолды қылса, желтоқсан айының басында Көкшетау қаласында дәл осындай қылмыс жасаған. Бұл жолы 200 мың теңге шығын келтірген. Тергеу амалдары барысында ұрланған заттардың біразы тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Ал қалғандарын ұрылар сатып жіберген. Сондай-ақ заттай айғақтар мен құлыптарды ашатын арнайы құрал тәркіленді.

«Қазіргі кезде, күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, ҚР ҚК 188 бабының 4 бөлігі бойынша іс қозғалды», деп толықтырды Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіндегілер. 

Соңғы жаңалықтар