Ақмола облысында коронавирус жұқтырудың 100 фактісі тіркелмей қалған - әкім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында коронавирусқа шалдығудың 100 жағдайы жалпы статистикаға енбей қалған. Бұл туралы өңір әкімі Ермек Маржықпаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, облыс коронавирус бойынша «қызыл аймаққа» енді. Тәуліктік өсім орта есеппен 65-70 адамға жетіп отыр.

Президенттің сынына тоқталған әкім «шын мәнінде біздің облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің штаты тек 12 адамнан құралған. Жаппай індетке шалдығу болған жағдайда мәліметтерді зерделеу шараларына мамандар үлгермейді. 100-ге тарта оқиғаны тіркеп үлгермеген. Президенттің сыны объективті, дұрыс деп санаймыз. Сондықтан статистика дұрыс түзілуі үшін қажетті шараларды қабылдадық», - деді.

Осы орайда аталған 100 оқиға ресми статистикаға енгенін нақтылады.

Еске сала кетейік, коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кей өңірлерде коронавирус жұқтыру фактілерін жасыру жағдайлары кездескенін айтты.

«Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар