Ақмола облысында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлинге арналып ескерткіш орнатылды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысында қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Атбасар ауданының тумасы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

Осынау шара аясында еліміздің біртуар перзентіне туған жерінде ескерткіш орнатылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Сергей Кулагин, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, ҚР Парламенті депутаттары және жазушының балалары мен немерелері, жазушыны көзі көрген адамдар мен таныстары қатысты.

«Бүгін 20-шы ғасырдағы қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған халқымыздың сүйікті ұлы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығын бүкіл ел болып атап өтіп отырмыз», - деді облыс басшысы.

Шара аясында «Ұлтжанды қаһарман қаламгер» атты республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жиналғандар Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы әртістерінің орындауындағы «Абылайхан» қойылымын тамашалады.

Еске сала кетсек, тұрғызылған ескерткіш Атбасар қаласының ең көрнекті жері - орталық саябақтан орын теуіп отыр. Ескерткіштің биіктігі 2 метр. Ескерткіштің жалпы құны 12 миллион 997,5 мың теңгені құрайды. Оның авторы танымал мүсінші - Иван Седлецкий.

Ескерткіш тұрғындардан жиналған (12 миллион теңге) және жазушының туған -туыстары берген (16 миллион теңге) қаражатқа салынып отыр.

Сонымен қатар, жазушының әдеби мұражайы да 40 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

Соңғы жаңалықтар