Ақмола облысында көпбалалы отбасылардың үйлеріне уытты газ датчиктері орнатылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйлеріне уытты газ иісін анықтайтын 1,3 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте облыс аумағында 2020-2021 жылғы жылыту маусымы кезінде жеке тұрғын үйлерде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қолға алынған шаралар айтылды.

«Облыс аумағында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын - 1327 және 10 түтін детекторы орнатылды. Жыл соңына дейін көміртегі тотығын анықтайтын тағы 383 құрылығы орнату жоспарланып отыр», – дейді Алексей Советов.


Жыл сайын жылу беру маусымы басталысымен өрт шығу қаупі де арта түседі. Адам өліміне әкеп соқтыратын тілсіз жаудың белең алуына негізінен мас күйінде темекі тұқылын дұрыс сөндірмеу, отты абайсыз пайдалану, пеш және электр желісі құрылғыларын қолданған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс сақталмауы себеп болып отыр.

«2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында қыркүйектің 2-нен бастап, қазанның 2-не дейін өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Айлық шеңберінде өткен тексеріс кезінде пеш, газ баллоны мен электр желісіне қатысты 2605 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды. Сондықтан, алдағы уақытта да біздің департамент тарапынан қалалар мен аудандарда өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатындағы жоспарлы кешендік жұмыстар жүргізіле береді», – деп толықтырды департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар