Ақмола облысында Колутон өзені суы қауіпті деңгейге көтерілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Колутон өзені суының деңгейі көтерілуде. Осыған байланысты Старый Колутон ауылындағы тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау үшін Көкшетау қаласынан облыстық ТЖД қосымша күштері мен техникасы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«9 сәуірден бастап Колутон өзені суының дейгейі жоғары қарқынмен көтерілді. Қазіргі кезде, судың деңгейі 6 м 25 см жетіп отыр. Қауіпті шебі 6 м 70 см құрайды. Бір тұрғын үй мен бірнеше ауланы су шәйіп кету қауіпі бар. ТЖД мен жерігілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын үйлерді судан аман алып қалу бойынша жедел шаралар жүзеге асырылуда. Үй айнала құм салынған қаптармен көмкеріліп, 500 текше метр су сорылды. Сәуірдің 10-11 күндері Колутон өзенінде 15 аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, құм салынған 400 қап төселді. Колутон, Кавыленко және Жалтыр ауылындағы орта мектептерінде эвакуациялау пунктері әзірленді», - деп түсіндірді Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

ТЖД қызметкерлері жүзу құралы, апатты-құтқару құралдары, гидрокостюм, түнгі уақытта құтару жұмыстарын жүргізетін жарық мұнарасы, байланыс құралдары және далада автономды жағдайда тұратын жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, 2019 жылы Старый Колутон ауылында көктемгі су тасқынының салдарынан бірнеше үйлер мен аулаларды және жолдарды су шәйіп, автокөлік байланысы үзілген болатын.


Соңғы жаңалықтар