Ақмола облысында қола дәуірінің жәдігерлері табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданы аумағында кейінгі қола дәуіріне тән әшекей заттар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы басшысының орынбасары Серік Ысқақовқа сілтеме жасап.

С.Ысқақовтың айтуынша, құнды жәдігер Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы жанынан құрылған облыстық экспедиция тарихи-мәдени мұра объектілеріне қорғау-құтқару жұмыстары кезінде табылған.

null«Қазба жұмыстары барысында б.з. дейінгі 7-8 ғасыр, қола дәуіріне жататын диаметрі 8 және 9 метр үш қорғанда жүргізілді. Оның бірінде 4 моланың орны табылды. Бұл молалардың үшеуі жалған, бос болып шықты. Ал, біреуінде екі алтын және бір қола білезік пен қоладан жасалған моншақ табылды. Кеңөткел археология ескерткіші №2 қабір шұңқырында 19 күйген ағаш қалдықтарын анықтады (бұл кремация рәсімін сипаттайды), жануар сүйектерінің қалдықтары, оның ішінде өңделген (күнделікті өмірде құралдар ретінде пайдаланылған деген болжам бар).

Адам сүйектері сонымен қатар алтын бұйым табылды. Қоладан жасалған білезіктің сырты қалыңдығы 2 мм-ден аспайтын алтынмен қапталған. Алынған материалға сүйене отырып, бұл жерде рубасының әйелін жерлеген деген болжам бар. Сондай-ақ қыш ыдыстардың сынықтары мен фрагменттер табылды. Табылған заттар Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды», - дейді Серік Ысқақов.

Сонымен қатар, ол археологиялық ескерткіштерге қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында, тарихты зерделеу үшін қызықты, басқа да жәдігерлер табылуы мүмкін деп отыр.

Айта кетейік, қола дәуірі - адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады.

Аталмыш экспедиция маусымның 4-і мен шілденің 4-і аралығында өткізіледі. Оған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері  және Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен 10-11 сынып оқушылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар