Ақмола облысында көктемгі су тасқынын болдырмау шаралары қолға алынуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынын болдырмау шаралары қолға алынуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Әбдіқалықовтың айтуынша, «Қазгидромет» болжамына сәйкес биыл облыс өзендеріндегі топырақтың күзгі ылғалдануы әдеттегі қалыптан 1,5-2 есеге жоғары болып тұр. Бұл жағдай облыстың 10 ауданында және Щучинск, Степногорск қалаларында тіркелген.

Осыған байланысты аймақта тасқын судың зардабын болдырмау жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылған.

«Өткен жылдардағы орын алған су тасқындары деректерін саралай келе, облыс аумағындағы су тасқыны орын алады деген 16 қауіпті өзен аумақтары анықталып (Коко, Жабай, Сарықамыс, Талқара, Жыланды, Есіл, Қылшақты, Колутон, Шағалалы, Нұра, Қайрақты, Қызыл-Су, Жолболды және Бақсұқ) бақылауға алынды.

Департамент бүгіннің өзінде су тасқынының алдын-алу жұмыстарын бастап кетті, атап айтқанда облыстың елді мекендерінен 240 мың м3 қар шығарылып, 22 мың тонна инерттік материалдар, 9,65 мың қап, 340 тонна жанар-жағар май дайындалды.

Жергілікті атқарушы органдармен, шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарына көмек көрсету бойынша меморандумдар жасалып, келіссөздер жүргізілуде.

Облыс аумағындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, саралау жүргізіп отыру үшін гидрометеология бойынша облыстық Орталықтың 29 метеобекеті, 19 гидробекеті, 10агрометеобекеті тұрақты түрде жұмыс істейді. Аудандық әкімдіктердің күшімен өзен суларының жағдайы мен деңгейін бақылайтын 80 қосымша бекет ұйымдастыру да қолға алынуда.

Жалпы облыс аудандары мен қалаларындағы тасқын су алу қаупі бар кезең аралығында көмек көрсету үшін облыстың азаматтық қорғаныс қалыптасуларында 2174 адам, 504 бірлік техника, 188 бірлік су тарқыш техникасы және 42 бірлік жүзу құралы дайын тұр», дейді А.Әбдіқалықов.

Сонымен қатар, аудан әкімдіктері қауіпті аймақтардан адамдарды көшіруге арнайы 145 қабылдау орындарын, 250 палатка, 1,2 мың кереует және 4,4 мың төсек жабдықтарын дайындап қойған.

Соңғы жаңалықтар