Ақмола облысында кәсіпорын директоры шенеунікке пара ұсынған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында кәсіпорын директоры шенеунікке пара ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде бейнеконференция арқылы Көкшетау қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдерімен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюды талқылау бойынша кездесу өтті.

Онлайн кездесуге қатысушылар ҚР Қылмыстық-процестік кодексі 200-бабының негізінде бұрын қозғалған қылмыстық іс бойынша ұсынымды қарады.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында ұйымның бірінің директоры эскиздік жобаны келіскені үшін қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің лауазымды тұлғасына ақшалай сыйақы ұсынғаны анықталды, алайда мемлекеттік қызметші бас тартты. Дегенмен, Бөлім қызметкері заңнаманы бұза отырып, осы факті туралы басшысына тиісті түрде хабарламаған.

«Мемлекеттік орган басшылығы тарапынан бағынысты қызметкерлерге тиісті бақылаудың болмауы және қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін орындауға немқұрайлы қарау құқық бұзушылық жасауға ықпал етті. Алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жоспарлау және өткізу кезінде формализмді жою, мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу туралы түсіндіру жұмысын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сапалы жүргізу, сондай-ақ қызмет көрсету кезінде азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің тікелей байланысын жоюды көздеу ұсынылды», делінген хабарламада.

Бұдан басқа, енгізілген ұсыныс шеңберінде аталған құқық бұзушылық үшін осы лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Нысандардың құрылысы мен қайта жаңартылуының тиісті сапасын қамтамасыз ету құрылыс салушы тарапынан да, мемлекеттік мекемелер тарапынан да өз жұмысын адал орындауды көздейді. Алайда, құрылыстың әрбір кезеңінде қылмыстық схемалар мен сөз байласу арқылы сыбайлас жемқорлық әрекетін жасау үшін тәуекелдер туындайды. Осы орайда, құрылыс салу туралы шешім қабылданған сәттен бастап дайын объектіні эскплуатацияға тапсырғанға дейінгі барынша ашықтықты қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшылығы.


Соңғы жаңалықтар