Ақмола облысында кәсіпкер Уәли хан кесенесін абаттандырып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Уәли хан кесенесінің басында құран оқылып, ас берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, жергілікті дін өкілдері, ардагерлер, тарихшылар және ханның ұрпақтары қатысты.

Еске сала кетейік, Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылының оңтүстік-шығыс жақ тұсында орналасқан Уəли хан кесенесі 2008 жылы ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған. Ескерткіш қызыл кірпіштен төрт бұрышты етіп қаланған. Төбесіне жарты айы бар күмбез орнатылған. Жалпы аумағы 1920 шаршы метрді, қабырғаларының биіктігі 8 метрді құрайды. Уәли ханның сүйегі өз заманында түрлі саяси қайшылықтарға байланысты өзге қазақ хандары сияқты Түркістанда емес, туған жерінде жерленген. Бастапқыда бұл жерде белгі тас қана болған. Оның өзін ханның немересі 1804 жылы орнатқан. Кеңестік дәуірде бұл жерге ешкім көңіл бөлмеген. Сол себепті,  зират қараусыз қалған.

«Бұл жерде Абылай ханның әйелі Сайман ханым мен тоқалдары да жерленген деген деректер бар», - дейді ханның ұрпағы Сансызбай Мұхитанов.

Оның уәжіне қарағанда, ханның  зираты талай рет тоналған. Тіпті, бір кездері осы маңда ойнап жүрген балалар жер бетінде шашылып жатқан адамның сүйектерін де тауып алған. Үлкендер ол сүйектерді обал болады деп қайта жерлеген. Кейін  ел болып ханның басын көтерген.
null

Ел тәуелсіздігін алған соң, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы бұл жерді мемлекет қорғауына алды. Енді оны  «Азия-Агрохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өз қаржысына абаттандырып жатыр. Бұл аталмыш бағдарлама бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің тізімін жасау туралы тапсырма берген болатын. Осы күні бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынып, нақты жұмыс атқарылуда. Оның ішінде киелі орын болып саналатын және ел тарихында елеулі орын алатын тарихи тұлғалардың жерленген орындары мен құнды жәдігерлерді анықтап, жан-жақты мәлімет жинау, жұртшылыққа кеңінен таныстыру да бар. Уəли ханның кесенесін абаттандыру да сол ауқымды шаралардың басы. Алдағы уақытта өзге де тарихи тұлғалардың зираты мен киелі орындарды қалпына келтіретін боламыз. Осындай игі істерге қол ұшын созып отырған жергілікті кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін», - деді облыс әкімі өз сөзінде.

Хан кесенесін жаңғырту жұмысына Борис Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» серіктестігі демеушілік көмек ретінде 6,5 миллион теңге қаржы бөлген. Ол қаржыға ескерткіштің аумағы қоршалып, бедер тастар төселді. Сонымен қатар, ханның басына мінəжат етушілер мен туристер үшін орындықтар орнатылып, ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Аталмыш серіктестіктің демеушілігімен ханның құрметіне ас берілді.

Соңғы жаңалықтар