Ақмола облысында қарда батып қалған 7 жүк көлігі шығарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ауа райының жайсыздығына байланысты 600-ге жуық автокөлікті ақмолалық полицейлер діттеген жеріне жеткізді. Қар құрсауынан жеті ауыр жүк көлігі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, наурыздың 4-інде Степногор қалалық полиция басқармасына Новосібір көшесі бойындағы қаланың айналма жолында жүк көліктеріне көмек қажеттігі туралы өтініш түсті. Оқиға орнына құрамында полиция аға лейтенанты Ілияс Ғалиақпаров пен полиция лейтенанты Әмірхан Айтпаев бар «Боран-13» экипажы жіберілді.

«Қалың қардың салдарынан жеті жүк көлігі жолда кептеліп қалды. Барлық көлік құралдары Қазақстанның түрлі облыстарынан «Сибир» және «Светофор» СҮ азық-түлік, киілетін заттар, тұрмыстық техника сияқты тауарлар тасымалдағаны анықталды. Полиция қызметкерлері көлік құралдарын қар құрсауынан құтқару бойынша көмек ұйымдастырды. Полицейлер бірден осы учаскені тазалауға арналған арнайы техниканың шығуын қамтамасыз етіп, жүк көліктерін сүйреуге көмектесті», - деп атап өтті ведомстводан.

Еске сала кетейік, 4 наурызда облыстың кейбір автожолдарында ауа райының күрт өзгеруі салдарынан туындаған күрделі жағдай сақталды. Осыған байланысты кейбір жолдарда көлік қозғалысына тыйым салынды. Өңір полициясы ауа райының нашарлауына байланысты жол-көлік оқиғаларына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Сағат 12.00-ден кешке дейін полицейлер тас жолда жиналған автокөліктерге ілесіп жүретін төрт колонна ұйымдастырды. Патрульдік полиция экипаждары 599 бірлік автокөлікпен, оның ішінде 421 жеңіл автокөлікпен, сондай-ақ ауыр жүк көліктерімен бірге жүрді.


Соңғы жаңалықтар