Ақмола облысында қараусыз жүрген жылқылар жол апатына себепкер болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында қараусыз жүрген жылқылардың жолдың үстіне шығып кетуі салдарынан жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 27 наурызында сағат 21:45 шамасында «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 13 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алған.

«Анықталғандай Көкшетау қаласы бағытында жүріп келе жатқан Зеренді ауданының 19 жастағы тұрғыны басқарған «Volkswagen Sharan» көлігі жолдың үстіне шығып кеткен жылқыға соғылған. Дәл осындай жағдай 29 наурыз күні түнгі сағат 04:40 шамасында «Көкшетау-Атбасар» автожолының 9 шақырымында да орын алды. Бұл жолы Есіл қаласының 33 жастағы тұрғыны «ГАЗ 2705» көлігімен жолда жайылып жүрген жылқыны қағып кеткен. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары мал иелерін анықтауда. Абырой болған жол-көлік оқиғаларынан ешкім зардап шеккен жоқ», - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына үй жануарларын жаю ережелерін сақтауды және олардың автожолдарға шығып кетпеуіне жол бермеуді сұрайды. Сондай-ақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес үй жануарларын жаю ережелерін бұзу ескерту жасауға немесе 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға жазаланатынын еске салады.


Соңғы жаңалықтар