Ақмола облысында карантин режимін бұзған қарағандылық 3 тәулікке қамалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында блокпосттан заңсыз өтпек болған 25 жастағы қарағандылық ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомстводан атап өткендей, ағымдағы жылдың 31-ші наурызынан бастап Ақмола облысында коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеу бағытында 51 блокпост қойылды. Соған қарамастан тәртіп сақшылары елорда маңындағы елді мекен тұрғындарының карантиндік режимді бұзу фактілерін күн сайын анықтап жатыр.

Мәселен, 2020 жылғы сәуірдің 8-де 10-шы блокбекетті айналып өтіп, елорда мен Қызылжар ауылының арасындағы қара жолмен жүрген Ақмола облысында тұратын Қарағанды қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды. Осылайша, ол төтенше жағдай кезіндегі карантиндік режимнің талабын бұзған.

«Целиноград аудандық ПБ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ер адамның үстінен ҚР ӘҚбК 476 бабы бойынша әкімшілік іс қозғады. Сот шешімімен заң бұзушы 3 тәулікке қамау түрінде әкімшілік жазаға тартылды», - дейді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар