Ақмола облысында қант бағасы тұрақты, ал пияз қымбаттауы мүмкін

Фото:
КӨКШЕТУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қырыққабат пен картоп бағасы төмендеп, күріш, айран және пияз бағасы біршама өскені байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, жалпы, облыста 2,1 мың тонна көлемінде тауар қоры құрылды, оның ішінде тұрақтандыру қорында - 1247 тонна, «айналым схемасы» бойынша - 874 тонна.

Жыл басынан бері тұрақтандыру қорының ресурстарынан 329 млн теңгеге 1074 тонна тауар сатылды. «Айналым схемасы» бойынша азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 1,4 млрд теңгеге қарыздар берілді. Жаңа шарттар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Соңғы бірер аптада өңірде қырыққабат пен картоп бағасы төмендеп, күріш, айран және пияз бағасы біршама өскені байқалады. Сол себепті, бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорына 272 тонна күріш сатып алынды, ол 29 сауда нүктесінде сатылады. «Айналым схемасы» аясында «Гормолзавод» ЖШС-мен литріне 318 теңге бағамен 48 тонна айран жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемматрезерв төрағасымен жеміс-көкөніс өнімдерін, оның ішінде ай сайын шамамен 400 тонна көлемінде пияз жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, тәжік өнімдерінің алғашқы партиялары іске асырылды. Көптеген позициялар бойынша баға ағымдағы бағалардан 20-30 пайызға төмен. Облыс бойынша оператор анықталды, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік дүкендері мен көтерме жеткізуші арқылы өнімдерді сату жолға қойылды», - дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов.

Ал қант бағасына келетін болсақ, қазіргі кезде өңірде көтерме бағасы әлеуметтік дүкендерде 430 теңгені құрайды.

«Күн сайын Көкшетау қаласындағы дүкендерге 200-400 кг қант жеткізіледі. Мемлекет үшін бұл айтарлықтай үлкен көлем. Кейбір дүкендерде тоннаға дейінгі көлемде қант сатылады. Көтерме бағасы әлеуметтік дүкендерде 430 теңге. Ал, үй маңындағы дүкендерде бағалар 950 теңгеге дейін барады. Түсіндірме жұмыстарынан кейін бизнес субъектілері қантқа арналған сауда үстемесін 10-12 пайызға дейін төмендетті. Белгіленген заңдар бойынша баға үстемесін шамадан тыс көтерген жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп түсіндірді Ақмола облысының Сауда департаментінің басшысы Қайыржан Оңғаров.

Қазіргі таңда алаңдатушылық тудырып тұрған тағы бір мәселе-пияз. Яғни, көршілес елдерде бұл көкөніс бағасы біздің елдің бағасымен салыстырғанда әлде қайда қымбат. Өзіміздің мемлекетпен қатар, көршілерімізді де пиязбен қамтамасыз етіп отырғандықтан қауіп бар көрінеді.

«Сол себепті, қантпен болған дүрбелең қайталанбас үшін, халыққа пиязды аса көп мөлшерде сатып алу тиімсіз болатынын түсіндірудеміз. Сол кезде жағдайды бірқалыпты ұстап тұра аламыз», - деп толықтырды департамент басшысы.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында сынама алынған 1550 өнімнің 7,5 пайызы техникалық регламенттерге сәйкес келмейтіні жазылған болатын.




Соңғы жаңалықтар